Белгілі жазушы, марқұм Нұрқасым Қазыбектің «Ақ ешкі» атты тұңғыш әңгімесі 1969 жылы «Лениншіл жас» (казіргі «Жас алаш») газетінде жарық көріпті. Содан бері оның «Тұсаукесер», «Шалғайдағы мектеп», «Бейтаныс», «Ағайын», «Ой таразысы», «Дала өрнектері» сияқты кітаптары жарияланып, оқырмандар ықыласына бөленген. Сондай-ақ ол Х. Абдуллиннің «Қияндағы қырандар», М.Зұлпықаровтың «Зиян тартқан қари», «Сапар», Т.Тохтамовтың «Соңғы толғақ», «Бүлдірген сай», «Шатқалда түйіскен жол», А. Әшіровтің «Нұр ана», Ж. Мұсаевтың «Өшпес іздер» шығармаларын қазақшаға аударған. Жазушы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен марапатталған (2009), Райымбек ауданының Құрметті азаматы. «Ағайындар» атты бұл жинаққа оның таңдаулы повестері мен әңгімелері енген. Еңбек көпшілік оқырманға, сондай-ақ жас буын үшін де қызғылықты болады деп сенеміз, өйткені мұнда негізінен жастар өмірі, олардың махаббат сырлары сыршыл көркемдікпен суреттелген. Жинақтың «Ағайындар» аталуы тегін емес. Қазақ қауымында ежелден ағайындық, туыстық қарым-қатынастар ерекше бағаланатыны белгілі. Кейіпкерлердің басына түскен әртүрлі ауыртпалық, драмалық ситуацияларда аға-інінің, құда-құдағидың, әке-шешенің бір-біріне көмегі, мейірім-шапағаты, нақты іс-әрекеттері психологиялық тұрғыдан нанымды суреттеледі.