. «Әкем қайда?» – дегенде ғана сасқалақтайын деген. Күн шыға: қосағын мәңгі жоғалтып алғанына, тек қойнындағы алданышпен ғана өзін-өзі алдап ғұмыр кешетініне, енді қой қайырған Қойшының қоңыр даусын естімейтініне, енді қайтып ызыңдап құлақ етін жер көмпіс күйеу табылмайтынына, енді бұдан былай тіпті де... тіпті де... еш еркек шын көңіл, адал ниет, ақ тілекпен алқымынан иіскемейтініне, енді қайтып жалғанда жаны Қойшыдай темір, қайсар да қайғылы жан жолдас таба алмайтынына, енді бес бала мәңгілікке әкесін іздеп өтетініне, енді қайтып ол екеуі тобылғы шайды қарама-қарсы отырып сораптап, ұзақ іше алмай, ішкені – ірің, жегені – желім болатынына, енді алты баланы кәмелетке келтіріп, жеткізгенше асырап-сақтау талша мойнына түсеріне, енді бұдан былай мұны көрген байы тірі қатындар қырындап, табалап өтеріне, енді жалғыздықтың, тірі жесірліктің зарын тартып, иттен қадірсіз болған күйеуін енді ғана... енді ғана жатса-тұрса қаза қылмай есіне алып, ағыл-тегіл жыларын түсінген – әттең, кеш түсінген Әйел, әмсе көзі жетіп, иллаһи иланған Әйел ботадай боздады, ұдайы үш күн боздады, амал не, Қойшыдан хабар-ошар болмады, ізім-қайым жоғалды... Үш-ақ күнде өзгеріп салған Әйел қатындық қарызын орындап, дауыс қылып болған соң, өз-өзіне келіп есін жиды...