Шыңғыс хан – әлемдік тұлға, ежелгі қазақ тарихынын тұтас бір дәуірін қалыптаған, кейінгі Алтын Орда, оған жалғас Қазақ Ордасының түп негізін орнықтырып кеткен ұлы бабамыз. Атақты жазушы Мұхтар Мағауин өткен XII-XIII ғасырлар көлеміндегі Орталық Азия болмысын кеңінен қамтып, бүгінгі жұртшылық алдына тартуға ниет еткен “Шыңғыс хан” атты деректі тарихи роман төрт кітаптан тұрмақ. Оқырман қауымға ұсынылып отырған бірінші томы – “Туған жұрт” деген атауынан көрініп тұрғандай, Шыңғыс хан дүниеге келер қарсаңдағы Ұлы Дала суретін жасайды, ондағы, басым көпшілігі кейінгі қазақ құрамына құйылған, түрік текті ру-тайпалар шежіресін түзіп, олардың дәстүр-салтын, әдет-ғұрпын, кісілік қасиеті мен рухани кейпін әйгілейді, осы дәуірдегі халықаралық, тарихи және әлеуметтік жағдайларды айқындайды. Бір сөзбен айтқанда, бірінші кітап — бүкіл Шыңғыс хан тарихының түсіндірме кілті есепті. Сонымен қатар, өз алдына дербес еңбек ретінде де қарастыруға болады. Ескілікті, нақты тарихи мұралар негізінде жазылған “Туған жұрт” ғылыми қауымға, көпшілік жұртқа, және бүгінгі жас ұрпаққа арналған. Мұхтар Мағауиннің кез келген тарихи, зерттеу немесе көркем шығармалары сияқты, жеңіл оқылады, көкейге қонымды.