Егер Абай, Шәкәрім, Мағжан Жұмабаев, Қасым Аманжолов секілді ақындардың да қаншама ұрпақты баурап алған тамаша әндерінің бар екенін ескерсек, осы қатардан жүрек қылын шертер, нәзік те ойлы әндердің авторы Мұхтар Шаханов та орын алады. Оның «Жұбайлар жыры», «Туған күн кешінде», «Гүлдәурен», «Махаббат елі», «Арал қасіреті», «Баба Түркістан», «Мен саған ғашық едім», «Рух пен тіл», «Махаббаттың жазылмаған заңы», «Құпия арман» атты әндері қалың көпшіліктің назарында. Негізінен Шаханов әндері ұлттық, тілдік, рухани мүдделерді батыл көтере білгендігімен де ерекшеленеді. Бұл кітапқа біз ақынның әндерімен қатар Ш.Қалдаяқовтың, Н.Тілендиевтің, Ә.Бейсеуовтың, E.Хасанғалиевтің, өзге де сазгерлердің әндеріне жазылған өлеңдерін, жұрт жатқа айтып жүрген жырларының едәуір бөлігін және әлі де ел назарына көп іліге қоймаған өлеңдерін де ендіруді жөн санадық.